Жеке сектор тұрғындарының назарына!!!
Солтүстік Қазақстанда күн суытқан соң төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірге жеке үйлерге рейд жұмыстарын қайта бастады. Петропавлдың жеке ғимараттар орналасқан Ойқала, Қопай, Жұмысшы кентінде және басқа да аудандарында тәртіп сақшылары мен құтқарушылар болып, пешпен жылыту және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Тазаланбаған мұржа, пештен шыққан ұшқындар мен көміртегі газы, ескі сымдар орны толмас апатқа әкелуі мүмкін. Күл шұңқырының алдындағы еден металл немесе асбестпен жабылуы керек, құбыр да ыстыққа төзімді материалмен оқшауланғаны жөн. Пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Кейде мұндай жағдай тұрмысы төмен отбасылар тұратын үйлерде орын алады.
«Мұндай үйлерді аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары ерекше назар аударады. Сонымен қатар, отбасылық өмір саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, мас күйде жасалатын түрлі заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Полицейлер мен құтқарушылардың бірлескен жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде», – дейді СҚО ПД ЖПҚБ бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.