«Үздік шебер-2025»: Петропавлда жас автослесарь, электрик, дәнекерлеуші және токарьлар арасындағы үздіктер анықталды
October 22, 2025 20:05

Петропавлдағы Б.Ашимов атындағы машина жасау колледжінде жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік шебер» байқауы өтті. Облыс орталығының студенттері мен жас мамандары кәсіби шеберліктерін сынап, өз білімдері мен тәжірибелерін көрсетті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Шараны Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды. Байқауға 20 жас маман қатысып, төрт техникалық бағыт бойынша сынға түсті: автослесарь, электрик, токарь және дәнекерлеуші. Мұндай сайыс соңғы рет 2023 жылы өткізілген болатын. Биыл дәстүр жалғасын тауып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды.

«“Үздік шебер-2025” байқауы жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Әр номинация бойынша қазылар алқасына колледж оқытушылары мен қала кәсіпорындарының өкілдері енді. Олар қатысушылардың ұқыптылығын, уақытты тиімді пайдалануын және кәсіби шеберлігін бағалайды», – деді Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Диана Попова.

Қатысушыларға қойылған басты талап – тапсырманы жылдам, сапалы және тиімді орындау. Әр мамандық бойынша жеке тапсырмалар берілді. Мысалы, жас электриктер жарықтандыру жүйесін екі жерден басқаруға арналған электр сызбасын құрастыруда бақ сынады.

Шараға Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қатысып, жас шеберлердің жұмысын тамашалады және өңір үшін кәсіби кадрлардың маңыздылығын атап өтті.
Байқау жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табыс етілді.

