Kozybaev University студенттері Германия мен Польшада экологиялық агробизнесінің халықаралық стандарттарын меңгеріп жатыр

Kozybaev University агротехнологиялық факультетінің болашақ мамандары Еуропадағы экологиялық ауыл шаруашылығы бизнесінің стандарттарын тәжірибе жүзінде меңгеріп, халықаралық кәсіби тағылымдамадан өтуде, деп хабарлайды QZ NEWS.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта факультеттің 15 студенті Германияда, ал тағы екеуі Польшада тәжірибе алмасуда. Олар — болашақ агрономдар, технологтар, мал шаруашылығы мен орман шаруашылығы саласының мамандары.

Тағылымдаманың негізгі мақсаты – студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру және халықаралық аграрлық ортаға бейімделу. Білім алушылар еуропалық жетекші мамандардан практикалық білім алып, жаһандық көзқарас пен тұрақты ауыл шаруашылығы қағидаттарын түсінуге мүмкіндік алуда.

Кәсіби тәжірибемен қатар студенттер демалыс күндері Еуропа мәдениеті мен тарихымен танысуда. Бағдарлама аясында олар саяхаттарға шығып, мұражайлар мен тарихи орындарды аралап, жергілікті фермерлік жәрмеңкелер мен көне қалаларда болып қайтты.

