Республика күніне орай солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

Петропавлда Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуындағы маңызды кезең – Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, осы жылдар ішінде еліміз барлық салада зор жетістіктерге жетті. Бүгінде заманауи Қазақстан – еңбегімен, білімімен және азаматтарының талантымен алға ұмтылған мықты әрі тұрақты мемлекет.

– Ел дамуының ерекше бөлігі – Солтүстік Қазақстан облысы. Бұл – Республика экономикасының сенімді тірегі әрі аграрлық жүрегі. Жерлестеріміздің еңбексүйгіштігі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы әрдайым көпке үлгі. Облысымызда еңбек әулеттері ерекше құрметпен сақталып келеді, – деді өңір басшысы.

Салтанатты шараның басты сәті – солтүстікқазақстандықтарға жоғары мемлекеттік наградалар табыстау болды:
- Еңбек Ері: Мемлекет басшысының қолынан механизатор Мұрат Қаражұманов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.
- III дәрежелі “Барыс” ордені: Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және өңірдің қалыптасуына сіңірген еңбегі үшін Құдайберген Қалиев марапатталды.
- «Ерен еңбегі үшін» медалі: Азамат Сағындықовқа берілді.
Сонымен қатар облыстың бірқатар тұрғыны көп жылғы адал еңбегі, кәсібіне берілгендігі және Отанға деген сүйіспеншілігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды.
