Мәслихат сайлауы: Петропавлдағы №623 сайлау учаскесінде екі мыңға жуық тұрғын дауыс береді

Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап Петропавл қаласында қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтіп жатыр. Солтүстікқазақстандықтар белсенді қатысып жатқан учаскелердің бірі – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжде орналасқан №623 сайлау учаскесі, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бұл жерде Володаровский, М.Жұмабаев, Қазақстан правдасы, Қамал, Нұрсұлтан Назарбаев, Пионер, Совет және Абай көшелерінде тұратын 1910 сайлаушы тіркелген.

№623 сайлау учаскесінде сайлаушылар облыстық мәслихат депутаты болуға үміткер үш кандидаттың біріне дауыс бере алады. Олар:
Айтбаев Қанат Киікбайұлы 1971 жылдың 11 мамырында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Новоселовка ауылында туған. Қазақстан Республикасының азаматы. Білімі жоғары, заңгер. «AMANAT» партиясының мүшесі. Қоғамдық бірлестік «AMANAT» партиясынан ұсынылған.

Жамбурбай Санжар Маратұлы. 2001 жылдың 14 маусымында Есіл ауданындағы Горное ауылында туған. Білімі жоғары – ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидат.

Хамзин Болат Киззатұлы. 1987 жылдың 5 қазанында Мәскеу ауданындағы Горное ауылында туған. Білімі жоғары – құқық қорғау қызметі. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидат.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Самал Қожакенованың айтуынша, дауыс беру процесі «Сайлау туралы» заң талаптарына сай өтуде. Учаскеде барлық қажетті жағдай жасалған, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін де инфрақұрылым қарастырылған.

– Сайлаушылар өз мекенжайы бойынша келіп, бір бюллетень алады, құпия дауыс беру кабинасына кіріп, өз таңдауын жасайды. Қазіргі уақытта сайлау учаскесінде ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ, – деді Самал Қожакенова.
Оның айтуынша, учаскеде мүмкіндігі шектеулі төрт азамат тіркелген. Олардың үшеуіне өтініштері негізінде үйде дауыс беру ұйымдастырылмақ. Бір азамат ауылдық жерге кеткен.

Қазір дауыс берушілердің басым бөлігі – егде жастағы тұрғындар. Сайлау учаскесі сағат 20:00-де жабылады, одан кейін дауыс санау басталады. Сайлау нәтижелері түнде белгілі болады.
