Бауыржан Кұлжанов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды

Республика күніне орай ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов отандық спорттың дамуына зор үлес қосқан бірқатар мамандарды мемлекеттік және салалық наградалармен марапаттады. Марапатталғандар қатарында Солтүстік Қазақстан облысының танымал спорт қайраткері Бауыржан Ниязұлы Кұлжанов та бар, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО спортын дамытуға бірнеше онжылдық өмірін арнаған Бауыржан Кұлжановқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Бауыржан Кұлжанов 1953 жылы туған. Ол қазақ күресінен Қазақстан чемпионы және Солтүстік Қазақстан облысында осы спорт түрінен шыққан тұңғыш спорт шебері.

Оның еңбек жолы аймақтың спорттық өмірімен тығыз байланысты. Ол обком комсомолының спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімін басқарған, «Ақ бидай» және «Север» облыстық спорттық мерекелерінің бастамашысы болған, сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамын басқарған.
Бауыржан Кұлжанов спорттық мансабы барысында Мәскеу, Сеул, Атланта, Сидней және Бейжің қалаларындағы жеті Олимпиада ойындарына, сондай-ақ Сиэтлдегі Ізгі ниет ойындарына қатысқан. Ол қысқы Азия ойындарының алау ұстаушысы болу құрметіне де ие болған.
Қоғамдық өмірге қосқан еңбегі мен спорт саласындағы жетістіктері үшін ол СҚО энциклопедиясына спорт қайраткері және облыстық кеден басқармасының тұңғыш басшысы ретінде енгізілген. Сонымен қатар, Бауыржан Кұлжанов «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» (2012 ж.) және «Аққайың ауданының Құрметті азаматы» (2018 ж.) атақтарының иегері.
