Петропавлдың 19 жастағы тұрғынынан «эфедрон» тәркіленді

Петропавлда полиция мен прокуратура қызметкерлері синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 19 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту барысында одан аса ірі көлемдегі психотроптық зат тәркіленді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Полицияның мәліметінше, күдіктінің жалдамалы пәтерінен «эфедрон» деп аталатын психотроптық заттың 123 грамнан астам мөлшері табылған.

Тергеу барысында алынған айғақтарға сүйене отырып, полицейлер Петропавл шетінде тағы бір жасырын орынды анықтаған. Онда да аса ірі көлемдегі есірткі заты болған.
Жалпы тәркіленген психотроптық заттың салмағы 276 грамнан асып түсті.

Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған және осыған ұқсас іс бойынша тергелген.Жаңа мән-жайларға байланысты сот оған қатысты бұлтартпау шарасын «келу міндеттемесінен» қамауға алу түріне өзгертті. ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабының 3-бөлігіне сәйкес, оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
