Петропавлдағы сайлау қорытындысы: Николай Новиков пен Қанат Айтбаев қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары болып сайланды

Петропавлда қазанның 26 жексенбі күні өткен қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттарын №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау қорытындылары ресми түрде жарияланды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавл қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, екі округ бойынша да ең көп дауыс жинаған кандидаттар жеңіске жетті. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты болып №13 бірмандаттық округтен Николай Алексеевич Новиков сайланды.

«Сайлаушылар тізіміне 8595 азамат енгізілді, олардың 3156-сы дауыс беруге қатысты. 1991 жылы туған Николай Новиков – №1 қалалық емхананың директоры, «Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған. Ол 2266 дауыс жинап, қарсыластары — Жәнгірхан Қалижанұлы Қалижанды (396 дауыс) және Нариман Советұлы Токсанбаевты (305 дауыс) айқын басымдықпен артта қалдырды. Барлығы 165 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасаған», – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып №13 бірмандаттық округтен Қанат Кикбайұлы Айтбаев сайланды.Облыстық округ бойынша 9368 сайлаушы дауыс беруге қатысқан, олардың 274-і үйден дауыс берген.

«1971 жылы туған Қанат Айтбаев – «Айтбаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы, ол «AMANAT» партиясынан ұсынылған. Кандидат 6970 дауыс жинады. Оның қарсыластары – Санжар Маратұлы Жамбырбай 899 дауыс, Болат Қиззатұлы Хамзин 1134 дауыс жинаған. «Барлығына қарсы» деген ұстанымды таңдаған сайлаушылар саны 185 адамды құрады», – деп атап өтілген ресми хабарламада.
