СҚО-ның пробация қызметінің қызметкері Дархан Бекболатов отбасын өрттен құтқарып, «Ерлік үшін» медалімен марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Аққайың аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны Дархан Бекболатов жоғары мемлекеттік награда — «Ерлік үшін» медалімен марапатталды. Награданы Қазақстан Республикасының Президенті атынан ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыстады, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, капитан Бекболатов бұл марапатқа өрт кезінде батыл әрекет етіп, адамдардың өмірін құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алғаны үшін лайық деп танылған. Оқиға 2025 жылдың 9 маусымында Аққайың ауданының Смирново ауылында болған. Түнгі сағат үштер шамасында Дархан Бекболатов үйінде болған кезінде күмәнді дыбыс естіп, сыртқа шыққанда көршісінің үйінен түтін шығып жатқанын байқайды. Ол көршісінің үйіне жеткенде, үйге жапсарлас монша отқа оранып, жалын тұрғын үйге ауыса бастағанын көреді.
«Пробация қызметінің қызметкері дереу өрт туралы диспетчерлік қызметке хабарлап, өзі әрекетке көшті: үйдің ішіндегі тұрғындарды — әйел адамды, оның серігін және екі кәмелетке толмаған баланы оятып, эвакуация ұйымдастырды», — делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін капитан Бекболатов қолда бар құралдармен жалынның таралуына тосқауыл қойған. Оның дер кезінде қабылдаған шешімі мен ержүректігінің арқасында отбасы мүшелерінің барлығы аман қалды, ал материалдық шығын көлемі аз болды.

Құтқарылған отбасы офицерге шынайы алғысын білдіріп, оның ерлігі мен адамгершілігін жоғары бағалады. Алдын ала деректер бойынша, өрттің шығуына жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себеп болған.
