Қазанда Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өтті

Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының жұмыс сапарымен қатар Татарстанда екі өңір арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері кең ауқымда өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Негізгі іс-шара алаңы Қазан Кремлі болды. Мұнда татарстандықтар мен қала қонақтарына арналған бірқатар тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды:
- «Мағжан Жұмабаев» – қазақтың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме;
- «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» – өңірдің бірегей археологиялық мұрасын танытатын экспозиция;
- «Қазақстанның әдеби аспаны» атты кітап көрмесі.
Сонымен қатар мәдени бағдарлама аясында «Sensitiv» би театры шеберлік сабағын өткізіп, өздерінің ерекше хореографиялық өнерін көрсетті.

Мерекенің шарықтау шегі – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының концерті болды.
Қ. Тинчурин атындағы Татар мемлекеттік драма және комедия театрында өткен «Мағжан елінен – Қазан төріне» атты салтанатты гала-концерт мәдени шараның басты оқиғасына айналды.
