Петропавлда өткен «Digital Qyzyljar» форумына IT және креативті индустрия көшбасшылары жиналды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өңірлік IT-хаб SKO Hub және Qyzyljar Creative Center креативті индустриялар орталығымен бірлесіп, ауқымды «Digital Qyzyljar: IT және креативті экономика» өңірлік форумын өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, СҚО-ның жетекші ұйымдары, технологиялық парктер мен креативті индустриялар альянстары, IT-компаниялар және креативті экономиканың көшбасшылары қатысты.

Форумға СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бұл форум – тек қорытынды шығаратын емес, болашаққа бағыт беретін алаң. Цифрландыру – жай сәнді сөз емес, ол өңірді дамытудың құралы әрі алдағы жылдары еліміздің шын мәнінде цифрлық мемлекетке айналуына негіз болмақ. Солтүстік Қазақстан облысы бұл бағытта сенімді түрде ілгерілеп келеді. Біз цифрлық инфрақұрылымды дамытып, кадрлар даярлап, инновациялық жобаларды қолдап, деректермен жұмыс істеудің жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бүгінгі форум – соның айғағы, – деді Руслан Әлішев.
Форум бағдарламасы мазмұнды әрі көпқырлы болды. Онда өңірлердегі IT және креативті экономиканы дамыту тақырыбында панельдік сессиялар, сондай-ақ цифрлық және шығармашылық индустрия саласының жетекші сарапшыларының шеберлік сабақтары өткізілді.

Qyzyljar Creative Center алаңдарында орталық резиденттері мен форум қонақтарының бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын өңірдің стартаптары, IT-мектептері және IT-компаниялары өз жобаларын таныстырған стартаптар аллеясы тудырды.
Сонымен қатар дрондар, VR (виртуалды шындық), 3D-модельдеу және анимация сияқты технологияларды көрсету және тәжірибеде қолдануға арналған интерактивті зертханалар жұмыс істеді.

Форум аясында IT саласының дамуына зор үлес қосқан мемлекеттік және жеке сектор мамандарына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.
