«Қызыл-Жар» футбол клубы қараша айының соңына дейін жекеменшікке өтеді

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория үш қазақстандық футбол клубының жекешелендірілетіні туралы айтты. Қараша айының соңына дейін олардың барлығы жеке меншікке өтеді. Солардың қатарында петропавлдық «Қызыл-Жар» ФК да бар, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Клубтарды жекенің қолына беру – Президенттің кәсіби футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да қаралды. Кездесудің басты тақырыбы – спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты қолдау болды.
«Қызыл-Жар», «Жеңіс» және «Шахтер» футбол клубтары қараша айының соңына дейін жекеменшікке өтеді. Давид Лорияның айтуынша, осы үш клубқа тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд теңгені құрайды.
«Қызыл-Жар» клубы бойынша меншік құқығын беру процесі аяқталуға жақын. Инвестор жыл сайын клубқа 1 млрд теңге көлемінде қаржы салуға міндеттеме алған.
