QS Asia 2026 рейтингі: Kozybayev University Азияның үздік университеттерінің қатарында

Kozybayev University QS Asia 2026 рейтингінде сапалық серпіліс көрсетіп отыр. Қатысушы университеттер саны 542-ге артқанына және бәсекелестік күрестің күшеюіне қарамастан, жоғары оқу орны өз позициясын сақтап қана қоймай, білім сапасының негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізді, деп хабарлайды QZ NEWS университеттің медиа орталығына сілтеме жасап.
Азияның 1526 жоғары оқу орны арасында 558-орынды иелену университеттің даму стратегиясының тұрақтылығын дәлелдейді. Соңғы бір жылда негізгі көрсеткіштер бойынша мынадай оң өзгерістер байқалды:
- Жұмыс берушілердің бағалауы 60%-ға артқан;
- Зерттеулердің интернационалдану көрсеткіші (Халықаралық зерттеу желісі) 12 есеге жақсарған;
- Академиялық ұтқырлық көрсеткіші 24,3-тен 49,4 балға дейін өскен.
«QS World University Rankings: Central Asia 2026» өңірлік рейтингінде университет өз позициясын сақтап, жалпы есепте 34-орын, ал Қазақстанның 44 жоғары оқу орны арасында 22-орын иеленді. Биыл сондай-ақ университет QS World University Rankings 2026 әлемдік рейтингіне енді. Бұл тізімге Қазақстаннан небәрі 20 университет кірді.

«Бұл жетістік университет ұжымының үйлесімді еңбегінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы мен халықаралық серіктестермен тиімді ынтымақтастықтың нәтижесі», – делінген хабарламада.
