СҚО полиция департаментінің музейіне – 36 жыл

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде маңызды дата – музейдің құрылған күні аталып өтті. Мұнда 36 жыл бойы өңірдің ішкі істер органдарының ерлікке толы ғасырлық тарихы сақталып келеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО ПД музейін бекерден-бекер «ведомствоның жүрегі» деп атамайды. Төрт көрме залында ерекше архивтер, құжаттар, фотосуреттер, марапаттар мен полиция қызметінің ардагерлеріне тиесілі жеке заттар орналасқан. Қорда 5 мыңнан астам экспонат бар. Музейдің басты ерекшелігі – өңірде орын алған атышулы қылмыстардың хроникасы. Тарих қойнауына үңілген әрбір келуші ашылған істердің артында өз ісіне адал, ержүрек кәсіби мамандар тұрғанын сезінеді.

Полиция департаментінің музейіне кез келген адам – бала да, ересек те – келіп, таныса алады. Мұнда барлық жастағы көрермендер үшін ақпараттық-танымдық экскурсиялар тұрақты түрде өткізіледі.
Бұл жолы да салттан жаңылмады. Мереке құрметіне музей қызметкерлері мектеп оқушыларына арналған интерактивті сабақ ұйымдастырды. Айтхожин атындағы №1 орта мектептің оқушылары кинологтар әлеміне қызықты саяхат жасады. Ал олардың алдында СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының мамандары өнер көрсетті. Балаларға қызметтік иттерді үйрету мен олардың қылмыстарды ашудағы рөлі туралы айтылды.

Кездесудің басты кейіпкері, полицияның сенімді серігі – неміс овчаркасы Гера болды. Ол оқушылардың көз алдында жарылғыш заттың иісін «еліктеткішті» табу арқылы кәсіби шеберлігін көрсетті. №1 мектеп тәрбиеленушілерімен өткен бұл әсерлі кездесуге қызмет ардагері Ақан Сыздықов та қатысты.

СҚО ПД музейіне жас полиция қызметкерлері де жиі келеді – олар осында өзінен бұрын қызмет еткен әріптестерінің тәжірибесінен үйренеді. Ал музейдің тәжірибелі қызметкерлері – ішкі істер ардагерлері – мазмұнды экскурсиялар өткізіп, қонақтарға полицей мамандығының қыр-сырына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
