СҚО-да жол жабынының бүлінуіне байланысты «Тимирязево – Сарыкөл» бағытындағы қозғалыс шектелді

2025 жылғы 9 қараша күні сағат 11:00-ден бастап Солтүстік Қазақстан облысында KZ15-08 «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» (0–30 км) автожолының учаскесінде барлық көлік түрлері үшін уақытша қозғалыс шектеуі енгізілді, деп хабарлайды QZ NEWS «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қозғалысты шектеудің себебі — жауын-шашынның көп түсуі мен ауыр жүк көліктерінің қарқынды қозғалысы салдарынан жол жабынының бүлінуі. Шектеу шұғыл жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін енгізілді.
«Қостанай қаласынан Тимирязев ауданына балама бағыттағы қозғалыс келесі республикалық маңызы бар автожолдар арқылы жүзеге асырылады: KAZ03 «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналып өтетін жолмен) – РФ шекарасы (Қайрақ БӨП)» — 553–768 км; KAZ13 «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» — 673–786 км; KZ15-05 «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» — 56–119 км.
Қозғалысты толық ашу 2025 жылғы 11 қараша күні сағат 11:00-де жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
