Қызылжар ауданында батырларға арналған ескерткіш маңы абаттандырылды
November 13, 2025 15:41

Қызылжар ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Оның аясында «AMANAT» партиясының белсенділері Бескөл ауылындағы Отан соғысы қаһармандарына арналған ескерткіш аумағын тазалау жұмыстарын ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қатысушылар ескерткіш маңын ретке келтіріп, жапырақтарды жинады, ағаштардың қураған бұтақтарын кесті және аумақты абаттандырды. Акцияның мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын сақтау ғана емес, сонымен қатар ел азаттығы үшін жанын пида еткен батырлардың рухына құрмет көрсету, олардың ерлігін еске алу.
«Мұндай ескерткіштерді таза ұстау – біздің парызымыз. Бұл – ата-бабаларымыздың ерлігіне деген құрметтің белгісі. Осындай ізгі істер арқылы жастар тарихқа тағзым етуді үйренеді», – деді партия өкілдері.
«Таза бейсенбі» экологиялық бастамасы аясындағы шаралар облыстың барлық аудандарында апта сайын өткізіліп, оған белсенділер, волонтерлер мен ауыл тұрғындары қатысып келеді.
