Петропавлда өткен қайырымдылық концертінде Максим Фоотқа 1 миллион теңгеден астам қаражат жиналды

Солтүстік Қазақстан облыстық Ақан сері атындағы филармонияда Максим Фоотқа арналған «Северянки» дуэтінің қайырымдылық концерті өтті. Петропавл тұрғындары бірігіп, саркома Юинга дертіне шалдыққан жас жігіттің еміне 1 миллион теңгеден астам қаражат жинады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Концерттің бастамашысы – Яна Богова. Ол 2011 жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келеді. Әншінің авторлық «Мейірім қаласы» жобасы арқылы өңірдегі науқас балалардың еміне қаражат жинауға мүмкіндік туады.

«Бұл жобаны мен осылай атадым, себебі әртүрлі ауруға шалдыққан балаларға көмектесуді мақсат еттім. Алғашында жүрек ақауы бар балаларға көмектестік, кейін онкологиямен ауыратындар мен балалар үйіндегі балаларға да қолдау көрсеттік. «Мейірім қаласына» қатысқан балалардың бәрі сауығып кетті. Сондықтан Максим де жазылып кетеді деп сенемін», – деді Яна Богова.
Еске салайық, қыркүйек айында Петропавлдың 17 жастағы тұрғыны Максим Фоотқа ауыр диагноз қойылған – оған саркома Юинга анықталған. Қазір ол Израильде қымбат ем қабылдап жатыр. Максимнің отбасына 50 миллион теңгеден астам қаражат қажет, оның басым бөлігі жиналып үлгерді.
Қайырымдылық кеші солтүстікқазақстандықтарды бір мақсатқа ұйыстырды. Облыстық филармония сахнасында ең кішкентай өнерпаздардан бастап тәжірибелі танымал әртістерге дейін өнер көрсетті: «Северянки» дуэті, халық би театры «Экспромт», сән театры «Томирис», «Забияки» ансамблі және басқалар. Сахна маңына арнайы қайырымдылық жәшіктері қойылды, ал фойеде жәрмеңке ұйымдастырылды.
Концерт нәтижесінде Максимге 1 600 300 теңге жиналды. Барлық қаражат сол сәтте-ақ оның отбасына табысталды. Шараға Максимнің әжесі мен тәтесі қатысты.
«Концертке келген баршаңызға алғыс айтамын. Сол жерде таныс та, бейтаныс та адамдар болды. Бұлай көп адамның қолдау білдіретінін елестете алмадым. Әлем әділетсіз болып көрінген қиын сәтте сіздердің қолдауларыңыз сенім сыйлады. Енді тек жақсылыққа сенемін», – деп жазды Максим Фоот өзінің Telegram-арнасында.
Жас жігіттің анасы Kozybaev University-де жұмыс істейді, сондықтан университет те ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға алғыс хаттармен қолдау көрсетті.
