Петропавлда абаттандыру мен қауіпсіздікті жасанды интеллекті бар бейнекамералар бақылайтын болады

Қала әкімі Серік Мұхамедиев қалалық бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектті кең көлемде енгізуді жариялады. Әкімнің айтуынша, техникалық талаптарға сай келетін 400 камера интеллектуалды режимде жұмыс істейді. Бұл құқықбұзушылықтарды және абаттандыру ережелерінің бұзылуын бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавл әкімі атап өткендей, қазір қолданыстағы камераларды түгендеу жүргізіліп жатыр, талапқа сай келмейтіндері алынып тасталады. Жүйе екі блокқа бөлінеді — абаттандыру және халық қауіпсіздігі.
«Екінші бөлік — халық қауіпсіздігі. Ол, әрине, тек полицияға ғана беріледі, өйткені оны жалпыға қолжетімді ете алмаймыз. Онда дұрыс емес әрекеттер, кадрлар болуы мүмкін, оларды жеке тұлға желіге таратып жіберуі ықтимал, бұл дұрыс болмайды. Сондықтан жасанды интеллект жағдайды іріктеп, полицияға ғана жолдайды», — деді қала әкімі.
Сонымен қатар әкім ЖИ бар камералардың есірткі жеткізушілермен күресте қалай көмектесетінінің нақты мысалын келтірді.
«Бізде есірткіні жасырын тарататындар мәселесі бар. Бағдарлама адамның бір жерде бірдей қимылды қайталап, мысалы, үш рет бір әрекетті жасағанын – яғни “жасырын салу” әрекетін тіркесе, бірден полицияға бұл қылмыс болуы мүмкін деген сигнал барады. Полицияға оны іздеп, қарап отырудың қажеті жоқ. Компьютер, жасанды интеллект ақпаратты өзі береді, ал олар сол ақпарат негізінде әрекет етеді», — деді Серік Мұхамедиев.
