Петропавл әкімі кәсіпкерлерді дизайн-кодты бұзғаны үшін айыппұлдар туралы ескертті

Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев журналистермен кездесуде қала дизайн-кодын әзірлеу және енгізу барысына қатысты пікір білдірді. Ол бұл жобаның мақсаты – қаланың көшелері мен ғимараттарының сыртқы келбетін ретке келтіру екенін айтты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қала басшысы дизайн-кодты әзірлеудің алғашқы нұсқасы 2022 жылы жасалғанын еске салды.
«Байқау өтті, дизайн-кодты әзірлеуге 75 немесе 85 млн теңге бөлінді, қателеспесем. Бірақ сол кезде нормалар мен ережелер бойынша заңнамалық құжаттар дайындалмаған еді. 2024 жылы бұл мәселеге қайта оралдық, сол келісімшартты бұздық. Кейін тиісті нормалар әзірленді. Сол құжат негізінде жұмыс көлеміне қарай баға 40–45 млн теңге болып белгіленді. Павлодарлық компания іске кірісті, алайда жобаны жүзеге асырудың екі кезеңі бар: біріншісі – нормативтік құжаттарды әзірлеу, екіншісі – магистралдық көшелерді қалай абаттандыру керегіне қатысты ұсыныстар. 2024 жылы бәріміз бірге қолға алдық, бұл өте ауқымды жұмыс», – деді әкім.
Серік Мұхамедиевтың айтуынша, жақында өткен қала құрылысы кеңесінде бірқатар ескертулер айтылған. Байқауды жеңген компания қазір кемшіліктерді түзетіп жатыр.
«Біз алғашқы кезеңде нормативтік бөлігін қабылдауды жөн көрдік. Маған, қала әкімі ретінде, ең алдымен қажет құжат – бизнес пен мемлекеттік органдар қандай регламенттерді сақтауы тиіс: құрылыс кезінде, көше көрінісін рәсімдеу кезінде және басқа да мәселелерде. Бұл құжат қазір әзірленді. Биыл оның нормативтерін бекітуге тырысамыз. Ал келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге де, өзімізге де талаптар қоя бастаймыз», – деп атап өтті Петропавл әкімі.
Серік Мұхамедиев кәсіпкерлерді алдағы өзгерістерге дайын болуға шақырды.
«Қазір ғимараттарды безендіру, жарнама өнімдері – барлығы үлкен бұзушылықтармен жасалып жатыр… Мәселен, шиномонтажға бағыттайтын көрсеткіш белгісін жол бойына қойса, ол – жарнама. Ол, біріншіден, талапқа сай емес. Біз ол үшін міндетті түрде салық саламыз және қала дизайн-кодына сай келмегені үшін айыппұл да саламыз», – деді ол.
Әкім мысал ретінде тарихи ЦУМ ғимаратын келтірді. Оның пікірінше, нысан қазіргі стильге сәйкес келмейтін, тым көп жарнама мен маңдайшамен жабылған.
