Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда Заречный кентіндегі барактарға қаңғыбас иттерді уақытша орналастырады

Петропавлда Заречный кентіндегі барактарға қаңғыбас иттерді уақытша орналастырады

November 14, 2025 14:18

Облыс орталығының әкімі Серік Мұхамедиев қаңғыбас жануарларға арналған уақытша ұстау орындарын құру жоспарын жариялады. Нысанды толыққанды салудың құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрағандықтан, билік Заречный кентіндегі аумақтарды уақытша пайдалану мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS.

Әкімнің айтуынша, қаңғыбас жануарлар мәселесі өте өзекті. Алайда жергілікті билік бірнеше рет қаңғыған иттерге нысан салуға бюджеттен қаржы сұраса да, жобаның қымбаттығына байланысты өтінімдер мақұлданбаған.

«Біз жұмысты бастау үшін 300 миллион теңге қажет деп есептегенбіз. Яғни шағын ветеринарлық клиника салып, вольерлер орнату үшін. Бірақ қалада атқарылатын жұмыс өте көп, қаражат тапшылығы да байқалады. Сол себепті қаржыландыру ала алмадық. Бұған қоса, көктемгі су тасқынына көп қаржы жұмсауға тура келді», – деді Серік Мұхамедиев.

Қала әкімі қаңғыбас жануарларды уақытша орналастыруға қатысты жаңа идея бар екенін айтты.

«Бір идея бар, соны жүзеге асыра бастаймыз. Осы айдың соңында Заречный кентінде көшіру процесін бастаймыз. “Жас Өркен” ықшамауданында орналасқан 90 пәтерлік үй дайын тұр. Ең алдымен осы алғашқы 90 пәтерге көшіруді бастаймыз. Су ең алдымен түсетін Заречныйдың шетінде, бағбандық алқабының жанындағы барактардан көшіреміз. Сол жерде қатар тұрған екі-үш баракты әзірге иттерге арналған орын ретінде қалдырмақпыз. Қоршау орнатып, вольерлер жасау бізге қазір әлдеқайда жеңіл. Орталық жылу жүйесіне қосылған үйлер де бар. Ветқызмет ұйымдастыруға да мүмкіндік жетеді. Алғашқы кезеңде біз осыған қанағат ете тұрамыз деп ойлаймын. Қаңғыбас иттерді сол жерге жеткізетін боламыз», – деді қала әкімі журналистермен кездесуде.

Shares