Петропавлда колледждің студенттері синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен ұсталды
Петропавлда есірткі өткізді деген күдікпен облыстағы аудандардың бірінің 18 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жігіттердің екеуі де жақсы отбасыда өскен, спортпен шұғылданып, колледжде білім алған. Жасы кішісінің спорттық жетістіктері бар. Енді олардың болашағына жақындары алаңдаулы. Шілде айында жастарды СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі таратып жүрген жерінде ұстапты.
Олардың біреуінен кесектелген зат бар 21 түйіншек тәркіленеді. Екінші жігіт көрсеткен орыннан тағы 2 түйіншек табылады. Барлығы 19,81 грамм болатын «мефедрон» тәркіленіп алынды. Бұл ең қауіпті синтетикалық есірткілердің бірі болып табылады. Ұсталғандардың айтуынша, олар осындай жолмен ақша таппақ болған.
«Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі есірткі сататын интернет-дүкенде бір айға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеп үлгерген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Қоса кетейік, СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі заттарын өткізудің 84 фактісін тіркепті.