СҚО-ның екі ауданында шағын бизнесті қолдау үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді

Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың және Тайынша аудандары ҚР Салық кодексінде көзделген жаңа өкілеттіктер аясында салық мөлшерлемелерін төмендету туралы шешім қабылдады. Өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жағдайын жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды QZ NEWS.
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі атап өткендей, Аққайың және Тайынша аудандары шағын бизнестің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімдер қабылдады. Тиісті шешімдер барлық қажетті материалдар мен сараптамалық қорытындылар қаралғаннан кейін маслихаттардың кезекті сессияларында мақұлданды.
Еске салайық, 2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Президенті жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Кодекстің 726-бабына сәйкес, жергілікті өкілді органдарға қызмет түрі мен объектінің орналасуына байланысты салық мөлшерлемесін 50%-ға дейін өзгерту құқығы берілді. Мөлшерлемені төмендету немесе көтеру туралы шешімдер олар қолданысқа енгізілетін жылдан бір жыл бұрын, 1 желтоқсаннан кешіктірілмей қабылдануы тиіс.
Аққайың және Тайынша аудандары бойынша шешім жобалары ашық НҚА интернет-порталында жарияланып, тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары мен бірқатар ұсыныстар алынғаны атап өтілді. Депутаттардың айтуынша, салық жүктемесінің азаюы ең алдымен сауда, сервис және өзге де жергілікті бағыттарда жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлерге оң әсерін тигізеді.
«Аудан кәсіпкерлері үшін бұл – маңызды қадам. Ол шағын жобалардың тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Мөлшерлеменің төмендеуі нәтижесінде шағын дүкендер, сервистік және тұрмыстық қызмет көрсету орындары өз орнықтылығын күшейте алады, босайтын қаражаттың бір бөлігін кәсіпкерлер өз қызметін дамытуға және еңбек жағдайын жақсартуға бағыттай алады. Біз басқа аудандар мен өңірлердегі әріптестерімізді де кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамаларды қолдауға шақырамыз», – деді Тайынша аудандық мәслихатының депутаты Алмас Нұрахмет.
Аққайың және Тайынша аудандары жаңа Салық кодексінде көзделген мөлшерлеме өзгерту тетігін қолданған облыстағы алғашқы аудандар болды.
