Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанда қандай зейнетақыны «жеткілікті» деуге болады

Қазақстанда қандай зейнетақыны «жеткілікті» деуге болады

November 11, 2025 15:00

Зейнетақының жеткіліктілігін адамның бұрынғы табысының қаншалықты бөлігін алмастыратыны арқылы анықтауға болады. Негізгі төменгі шек – 40%, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Сарапшылар Қазақстанның зейнетақы жүйесін «берік орта деңгей» деп атап, оны Канада, Сауд Арабиясы және Швейцарияның зейнетақы жүйелерімен салыстырады. Дегенмен елде бірқатар мәселелер де бар – мамандар зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі төмен екенін айтады. «Жеткіліктілік» деген ұғымды анықтаудың бір тәсілі – адамның зейнетке шыққаннан кейінгі табысының бұрынғы кірісіне шаққандағы үлесін, яғни табысты алмастыру коэффициентін (ТАК) есептеу.

Әлемдік сарапшылардың пікірінше, ТАК-тың базалық ең төменгі деңгейі – 40%. Қазақстанда бұл көрсеткіш 41% шамасында. Алайда оған тек үш түрлі зейнетақы төлемін біріктіргенде ғана қол жеткізуге болады: базалық зейнетақы, ынтымақтық зейнетақы және жинақтаушы жүйеден төленетін зейнетақы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде орташа ТАК 60% құрайды. Сондықтан қазақстандықтарға болашақ зейнетақыларының жеткіліктілігіне қазірден бастап көңіл бөлу қажет, әйтпесе ең төменгі деңгейде қалу қаупі бар.

Зейнетақының жеткіліктілігін арттырудың жолдары:

  • Зейнетақы жарналарының тұрақтылығын және толықтығын бақылау – өз аударымдарыңызды БЖЗҚ арқылы үнемі тексеріп, мүмкін болса, ерікті зейнетақы жарналарын төлеу;
  • Жинақтарды көбейтудің түрлі мүмкіндіктерін пайдалану – мысалы, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфель басқарушыларына (ЖИПБ) сенімгерлік басқаруға беру;
  • Өз қаражатыңызды өзіңіз жинау – мемлекет зейнеткерлерге кепілдік берсе де, жеке қаржылық қордың болуы артық етпейді. Мұндай қорды құру үшін соңғы уақытта тиімділігі артқан банк депозиттері жақсы нұсқа бола алады.

Маңыздысы – зейнетақы жүйесі тек негізгі базаны қамтамасыз етеді. Сарапшылардың болжауынша, халықтың қартаюы мен өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты болашақта зейнетақы көлемі азаюы мүмкін. Сондықтан қазақстандықтар бүгіннен бастап өз қаржысын сауатты жоспарлауы қажет – бұл болашақта үйреншікті өмір деңгейін сақтаудың басты кепілі.

Shares