Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да мас күйінде көлік тізгіндеген мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

СҚО-да мас күйінде көлік тізгіндеген мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

November 11, 2025 17:06

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің саны 5,8%-ға азайғанын атап өтті. Алайда, мұндай құқық бұзушылықтардың жалпы саны әлі де тәртіп сақшыларын алаңдатуда, деп хабарлайды QZ NEWS.

Полиция деректеріне сәйкес, биылғы жылдың 10 айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1034 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған (өткен жылдың осы кезеңінде – 1098 адам).

Қазіргі өтіп жатқан «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығының» екінші күні көлікті мас күйінде басқарудың алдын алуға арналды. Полицейлер Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, еске салу парақшаларын таратты. Азаматтарға мас күйінде көлік жүргізудің ауыр салдарға, оның ішінде адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Сондай-ақ Петропавл қаласының LED-экрандарында әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде.

Жыл басынан бері СҚО-да 482 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 45 адам қаза тауып, 637 адам жарақат алған.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жолда жауапкершілік пен тәртіп сақтау – қозғалыс қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетудің берік негізі екенін еске салады.

Shares