Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО полициясы отбасына қатыгездік көрсеткен ер адамды ұстады

СҚО полициясы отбасына қатыгездік көрсеткен ер адамды ұстады

November 12, 2025 10:34

Петропавл тұрғыны #НеМолчиKZ қорының көмегіне жүгінді. Ол күйеуінің тарапынан ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрген туысы жайында баяндаған. Нәтижесінде әйел қазір жүре алмайды — оның аяқ-қолдары сал болып қалған, деп хабарлайды QZ NEWS #НеМолчиKZ қорының дерегіне сілтеме жасап.

Жарияланымда туыстары әйелдің кенже баласы туралы ештеңе белгісіз екеніне алаңдаулы екені айтылған.

«Ол бізге сәбиді көрсетпейді және оның қайда екенін айтпайды. TikTok-та ол қыздарымен бірге түскен үрейлі видеолар көп, онда өзін өте бейәдет, ақылға сыймайтын жағдайда көрсетеді! Біз оны дереу қамауға алуды және сотқа дейін босатпауды талап етеміз, себебі ол өз отбасы үшін қауіпті. Оған қылмыстық жауапкершілік жүктелсін. Иә, біз білеміз, әйел әр жолы қорқыныштан, үрейден арыз жазудан бас тартқан, бірақ дәрігерлер бәрін біледі, бәрі көзге көрініп тұр. Барлық жарақат – сол «отбасылық өмірдің» және «отбасылық құндылықтардың» айнасы, бұл туралы депутаттарымыз жиі айтады», – делінген қордың жазбасында.

Мәліметке сәйкес, жазба туысының өтініші бойынша жарияланған.

«Бұл отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, отбасын қамқоршылық органдарының, прокуратураның және балалар омбудсменінің бақылауына алуды сұраймыз. Барлық балалардың қайда екенін анықтап, денсаулықтарын тексеріп, балаларға қатысты зорлық белгілеріне сараптама жүргізу қажет. Біз ер адамды тұтқындауды талап етеміз, әйтпесе балалар мен олардың анасы, сондай-ақ әжесі мен тәтелерінің өміріне қауіп төніп тұр! Бізге Петропавл қаласында адвокат қажет. Әйелдер мен балаларға көмектесуге дайындар болса, өтінеміз», – делінген жазбада.

Редакциямыз бұл жағдайға байланысты СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желіде Петропавл тұрғынына қатысты жарияланған құқыққа қарсы әрекеттер бойынша тексеру жүргізілген.

«Бұған дейін бұл факт бойынша ішкі істер органдарына арыз түспеген. Полиция қызметкерлері қамқоршылық және қорғаншылық органдарының мамандарымен бірге отбасының тұрғылықты жеріне дереу барды. Уәкілетті органдар 4 пен 17 жас аралығындағы балалардың өмір сүру жағдайын тексеріп, көршілерден жауап алды. Сондай-ақ балалардың анасының тұрған жері анықталды», – деп хабарлады СҚО ПД.

Белгілі болғандай, әйел күйеуінің заңға қайшы әрекеттері бойынша арыз жазған. Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта ол сот шешіміне дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша тексеру шараларының нәтижесінде түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Балалар қазір аналарына қайтарылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото #НеМолчиKZ қорының парақшасынан алынды.

Shares