Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » 7 мыңнан астам қызмет: «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола және СҚО аймақтарындағы жұмысын аяқтады

7 мыңнан астам қызмет: «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола және СҚО аймақтарындағы жұмысын аяқтады

November 17, 2025 16:38

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жұмысын аяқтап, екі өңір тұрғындарына 7 278 медициналық және 423 заңгерлік және медиациялық қызмет көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.

Көмекке жүгінгендердің жартысынан астамы – әйелдер: олардың 3 809-ы дәрігерлердің қабылдауынан өтті, ал 173-і заңгерлер мен медиаторлардың кеңесін алды. Жоба заңгерлері ауыл тұрғындарының бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесті. Көрсетілген қызметтердің қатарында: атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу, «Всеобуч» бағдарламасы бойынша қаржыландыру алу, ұлттық медициналық орталықтарда емделуге квота рәсімдеу бар.

Жұмыстың көрсеткішті нәтижелерінің бірі – пойыз заңгерлерінің ресми өтініштерінен кейін онкологиялық науқастарды жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуі.

«Пойыздың заңгерлері мен медиаторларының жұмысы ауыл тұрғындарына мемлекеттің қолдауын шын мәнінде сезінуге мүмкіндік береді. Көп жағдайда адамдар өз құқықтары туралы толық ақпаратқа ие емес, ал біздің мамандардың міндеті – оларға түсіндіру», – деді Ұлттық комиссия мүшесі, Samruk-Kazyna Trust қорының бас директоры Әлифия Әділова.

Медициналық қызметтердің ішінде ең жоғары сұранысқа офтальмолог, УДЗ дәрігері, терапевт және акушер-гинеколог қабылдаулары ие болды. Жоба Ұлттық комиссия, Samruk-Kazyna Trust қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің серіктестігімен жүзеге асырылады.

Shares