Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Өліммен аяқталған жаттығу: Петропавлда полиция 18 жастағы футболшының өліміне қатысты тергеуді бастады

Өліммен аяқталған жаттығу: Петропавлда полиция 18 жастағы футболшының өліміне қатысты тергеуді бастады

Футбол алаңында доп тиіп, өзін жайсыз сезінген 18 жастағы жігіттің өлімі туралы хабар әлеуметтік желіні дүрліктірді. Полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Белгілі болғандай, жас жігіт «Қарасай» стадионына қарама-қарсы жерде өткен футбол жаттығуында болған. Доп асқазанға тиген соң, жігіт көгалға құлаған. Осыдан кейін жедел жәрдем шақырылып, футболшы ауруханаға жеткізілген.

ПД хабарлағандай, 16 қазан күні сағат 20:04-те Петропавл қаласы полиция басқармасының “102” пультіне медициналық мекеменің қабылдау бөлмесінде 18 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды деген хабарлама келіп түседі.

“Жас жігітті Жамбыл-Чайковский көшелерінің қиылысында орналасқан футбол алаңынан дәрігерлердің алып кеткені анықталды. Футбол ойнау кезінде қала тұрғыны өзін жайсыз сезініп, көгалға құлаған. Факт ҚР ҚК-нің 001-бабы (“Адамның қайтыс болуы”) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің барлық мән-жайларын зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады”, – делінген СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Shares