Ойын баласы елді дүрліктірді: Петропавл тұрғындары екінші сынып оқушысын іздеді
Жақында қаланың қоғамдық парақшаларында түскі 14:00-ден бері табылмай жатқан бала туралы ақпарат жарияланған болатын. Іздестіру жұмыстарына ювеналды полиция, жедел уәкілдер, еріктілер, ұстаздар, сыныптастарының ата-аналары мен бей-жай қарамайтын адамдар қатысты, деп хабарлайды QZ Media.
16 қазан күні полицияға Петропавл қаласының 68 жастағы тұрғыны жүгініп, сағат 14.00 шамасында 14 жастағы немересі серуендеуге шығып кетіп, қайтып оралмағанын хабарлаған. Атасының сөзінше, бала үстінде көк куртка, аяғында қара-ақ түсті кроссовки мен қолында өзі мініп жүрген қара түсті самокат болған. 7 жастағы екінші сынып оқушысын іздеуге қалалық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды.
“Іздестірудің нәтижесінде 23:07 шамасында Темір жол вокзалының Сәтпаев көшесі бойында жоғалған баланы криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары полиция майоры Айбек Байқадамов тапты. Баланың жағдайы жақсы екені анықталды. Баланың ұялы телефоны болмай, көшеде ойнап жүріп, уақытқа қарауды ұмытып кеткен көрінеді. Полиция қызметкерлері оны туыстарына аман-есен тапсырды. Полиция департаменті іздестіруге қатысқан еріктілерге, педагогтарға, ата-аналарға, сондай-ақ әлеуметтік желілердің арналарында бағдарды жедел орналастырған жергілікті жұртшылықтың әкімшілеріне алғысын білдіреді”, – делінді СҚО ПД хабарламасында.