Ұлттық ұлан академиясының курсанты еркін күрестен СҚО чемпионы атанды

Ұлттық ұлан академиясының 1-курс курсанты Қарыбек уулу Рахматилда 61 кг салмақ дәрежесінде еркін күрестен өткен Солтүстік Қазақстан облысының чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қырғызстанның Ош облысынан шыққан Рахматилда жас кезінен-ақ еңбекқорлығымен және табандылығымен ерекшеленді. Ол белгілі спортшы Ерназар Ақматалиевтің жетістіктерінен шабыт алып өсті. Әскери қызметін өткергеннен кейін Ұлттық ұлан академиясына түсіп, спорттық мансабын белсенді түрде жалғастырды.
Рахматилда үнемі спорт залында жаттығып, өз шеберлігін шыңдайды. Қазан айында ол академияішілік қазақ күресі турнирінде екінші орын алса, қарашадағы облыстық чемпионаттағы жеңісі оның табандылығының айқын дәлелі болды.
Академия бастығы полковник Артур Токушевтің атынан чемпионды полковник Аскар Файзулин марапаттап, оған атаулы сағат табыс етті.
