Петропавлда SKO Hub ұйымдастырған Hackathon: AgroTech & Smart City байқауына 27 команда қатысты
November 10, 2025 10:59

Петропавлда Hackathon by SKO Hub: AgroTech & Smart City атты командалық сайыс өтті. Бұл шараға өңірдің цифрлық болашағын қалыптастыруға дайын бағдарламашылар, дизайнерлер, сарапшылар мен менеджерлер жиналды. 48 сағат ішінде қатысушылар берілген тақырып бойынша өміршең минималды өнім (MVP) жасап, Солтүстік Қазақстанның аграрлық және қалалық ортасын өзгертуге қабілетті идеяларын қорғады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс-шараны аймақтық IT-хаб SKO Hub пен СҚО әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырды. SKO Hub директоры Нұргүл Булатованың айтуынша, хакатонның басты мақсаты — цифрлық шығармашылықты дамыту, технологиялық көшбасшылар командасын қалыптастыру және IT-құзыреттерді тәжірибе жүзінде қолдануға ынталандыру.

«Қатысушылар өңірдің нақты мәселелерін шешуге бағытталған жұмыс істейтін өнім әзірлеу үшін командаларға бірікті. Хакатонның тақырыбы екі негізгі бағытты қамтиды — AgroTech және Smart City. Жобалар дәстүрлі бағдарламалау арқылы да, no-code немесе аралас тәсілмен де орындалуы мүмкін. Басты назар – идеяның сапасы, өзектілігі және оны іс жүзінде қолдану мүмкіндігі», — деді Нұргүл Булатова.
AgroTech бағыты бойынша командалар ауыл шаруашылығын тиімді ететін және агросекторды цифрландыруға бағытталған шешімдер әзірледі. Мұндай жобалар қатарына егістік пен мал жағдайын бақылау жүйелері, ресурстарды есепке алу мен басқарудың цифрлық құралдары, өнімділік пен тәуекелдерді болжау платформалары, фермерлер мен агроэксперттерді байланыстыратын жүйелер кірді. Қатысушылар ұсынған прототиптер аграрийлерге деректер негізінде шешім қабылдауға және күнделікті процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Smart City бағыты бойынша командалар қалалық өмір сапасын арттыруға арналған мобильді және веб-қосымшалар жасады. Олардың арасында қала инфрақұрылымын бақылау, тұрғындар мен коммуналдық қызметтердің өзара байланысын жақсарту, деректер аналитикасы арқылы абаттандыруды басқару, экология және тұрақты даму бойынша жобалар бар. Ең үздік идеялар технологиялардың қаланы ыңғайлы, қауіпсіз әрі заманауи етуге қалай көмектесетінін көрсетті.
8 қарашада қатысушылар тіркеуден өтті, барлығы 30-дан астам команда өз жобаларын әзірлеуге кірісті. 9 қараша күні жұмыстарды қорғауға дайындық пен питчинг өтті. Сол күні 16:00 мен 19:00 аралығында 27 команда өз жобаларын қорғады. Әр командаға 5 минут беріліп, өз шешімдерінің қала мен агробизнеске қалай пайда әкелетінін түсіндіру қажет болды.

Хакатон қорытындысы бойынша:
AgroTech бағыты бойынша:
1-орын — Mergen командасы
2-орын — Ardor Legion Nitro
3-орын — ITshechka
Smart City бағыты бойынша:
1-орын — Team Altyn 2-орын — Le crouton
3-орын — Strawhats
Жалпы жүлде қоры — 400 000 теңге: бірінші орындарға — 100 000 теңгеден, екінші орындарға — 60 000 теңгеден, үшінші орындарға — 40 000 теңгеден берілді.
