Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда барлық деңгейдегі әкімдердің форумы өтті

Петропавлда барлық деңгейдегі әкімдердің форумы өтті

November 5, 2025 18:27

Петропавл қаласында барлық деңгейдегі әкімдердің облыстық форумы өтті. Семинарға облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық департаменттер мен басқармалар өкілдері, аудан және ауылдық округ әкімдері барлығы 500-ден астам адам қатысты. Форумда өңірдің соның ішінде ауылдық аумақтардың дамуы талқыланды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың жартысы ауылда тұрады. Ауылдың дамуы не тоқырауы – көп жағдайда ауыл әкімдерінің жұмысына байланысты.

Пленарлық бөлімде өңірдің стратегиялық дамуына қатысты мәселелер қаралды. Оның ішінде ауылдық аумақтар мен инфрақұрылымды дамыту, «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асырылуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, сондай-ақ аудандардағы цифрландыру мен инфрақұрылымды жетілдіру жайы талқыланды.

«Әрбір ауылдық округ өзін-өзі қамтамасыз ететін, өндіріс орталығына айналуы маңызды. Ол тек өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытуға үлес қосуы тиіс. Бұл жобаны сәтті іске асыруда округ әкімдерінің рөлі ерекше Сіздердің міндеттеріңіз – ауылдардың жағдайына жан-жақты талдау жүргізу», – деп атап өтті облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдауды «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы қамтамасыз етеді. Мысалы, 2023 жылы 1,8 млрд теңге көлемінде 236 жоба іске асырылды. Ал облыстағы 186 ауылдық округтің тек 96-сы бағдарламаға қатысқан. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 1,5 млрд теңгенің 600 млн теңгесі бөлінген. Мәселен, Қызылжар ауданының Рассвет ауылдық округінде екі бірдей сүт-тауарлы ферма құрылысы қолға алынды. Сондай-ақ ауылда сүт жинайтын кооператив құрылды.

«Ауылдық округ әкімдерінің негізгі міндеттерінің бірі – инвестиция тарту. Біздің округте «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «РАССВЕТ-АГРО И К» кооперативі құрылды. Қазір тәулігіне 14 тонна сүт қабылдаймыз», – деді Рассвет ауылдық округінің әкімі Абай Шайменов.

Кеңестің екінші бөлімінде учаскелік полиция инспекторларының жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы, кадр саясаты және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды. Форум аясында үздік ауыл әкімдері мен басқарма өкілдері марапатталды.

Shares