СҚО Балалар ауруханасы Қазақстандағы үздіктердің қатарына кірді

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Беделді балалар ауруханасы – 2025» республикалық байқауының қорытындысын жариялады. Байқау нәтижесі бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығымен қатар жеңімпаз деп танылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді және өңірдегі 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы, шұғыл, стационарлық және кеңес беру қызметтерін толық көлемде көрсететін жалғыз медициналық ұйым болып табылады.
Хабарламада атап өтілгендей, ауруханада жыл сайын 16 мыңнан астам бала ем алады, шамамен 60 мыңға жуық кеңес беру қызметі көрсетіледі, ал 1 800-ден астам бала амбулаториялық оңалтудан өтеді.
«Беделді балалар ауруханасы» байқауының мақсаты – балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және қоғамның балалар денсаулығын қорғау мекемелеріне деген сенімін нығайту. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге, медбикелерге және жеңімпаз ауруханалардың бүкіл ұжымына кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және Қазақстанның кішкентай азаматтарының денсаулығына деген шынайы қамқорлығы үшін алғыс білдірді.
