СҚО-да 506 оқушы қашықтан оқуға көшірілді

Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы өңірдегі кейбір сыныптар үшін уақытша қашықтан оқыту енгізілгенін хабарлады, деп жазады QZ NEWS.
Мониторинг қорытындысы бойынша, облыстың білім беру мекемелерінде 59 сыныпта 506 оқушы ЖРВИ-ға шалдыққан. Оқу процесі тек ауру деңгейі 30%-дан асқан сыныптарда қашықтық форматына көшіріледі.
«Петропавлда 8 мектепте ішінара қашықтықтан оқыту енгізілді. Айыртау ауданында алдын алу шарасы бір мектепте жүзеге асырылып, 20 қарашадан 3 желтоқсанға дейін 19 сынып қашықтықтан оқуға көшірілді. Тимирязев ауданында алдын алу шарасы үш мектепте қолданылады», – деп хабарлады СҚО білім басқармасы.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ең көп жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген – 12 461 жағдай немесе 66,9%.
«Апта ішінде ЖРВИ-ның 4 397 жағдайы тіркелді. Облыста тұмау вирусының және басқа да өткір респираторлық вирустық инфекциялардың айналымына мониторинг жүргізілуде. Биыл 45 жағдай A/H3N2 типті тұмау ретінде тіркелді, оның 33-і ересектер (73%), 12-і балалар (27%)», – деп хабарланды.
Департамент сонымен қатар облыста риновирустар – 9, аденовирустар – 2 сияқты тұмауға жатпайтын вирустар да айналып жүргенін хабарлады. Сондай-ақ, тәуекел тобына жататын немесе жоспарланған адамдардың 100%-ы, яғни 60 000 адам вакцинацияланған.
