Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі СҚО халқымен кездесті

Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі СҚО халқымен кездесті

November 24, 2025 12:49

Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Kozybayev University-де Солтүстік Қазақстан облысының халқымен кездесу өткізіп, ғылым мен жоғары білім саласының дамуы бойынша мәселелерді талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Гүлзат Көбенова 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы жұртшылықты хабардар етті. Ол білімнің қолжетімділігінің артуын, оның интернационалдандырылуын және кадрларды озық даярлау жұмыстарын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында министрлік жасанды интеллект бойынша AI-Sana инновациялық бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарлама бойынша 569 мың студент білім алып, 119 ІИ-агент әзірленіп, енгізілген.

Вице-министрдің айтуынша, биылғы оқу жылында 93 232 грант бөлініп, студенттік стипендия мөлшері 20%-ға артқан. Әлемнің үздік университеттері рейтингі – QS WUR тізіміне 21 қазақстандық ЖОО, ал QS Asia рейтингіне 35 ЖОО енді.

Вице-министр Kozybayev University мен Аризона университеті (АҚШ) арасындағы стратегиялық серіктестікті – Қазақстандағы осындай алғашқы әрі табысты коллаборация ретінде ерекше атап өтті.

«Бұл жоба Солтүстік өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, Петропавлға жүздеген жас әрі талантты жастың келуіне ықпал етті. Қазір мұнда қос дипломды бағдарламалар бойынша еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ АҚШ, Қытай, Ресейден келген шамамен 1000 студент білім алуда», – деді Гүлзат Көбенова.

Кездесуде өңірлік ғылыми кеңестердің жұмысы, жас ғалымдарды қолдау, ЖОО-да жасанды интеллектті енгізу жоспарлары, университеттердің жабдықталуы, студенттік өзін-өзі басқару органдарын дамыту мәселелері де қозғалды.

Shares