Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Терезе жақтауында отырып, тыныс алу: Петропавлда өртеніп жатқан пәтерден бала құтқарылды

Терезе жақтауында отырып, тыныс алу: Петропавлда өртеніп жатқан пәтерден бала құтқарылды

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары өртеніп жатқан пәтерден баланы алып шықты, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

27 қыркүйек күні сағат 14:00-де 101 нөміріне шұғыл қоңырау түскен. Жуков көшесі, 3, 6-қабатты тұрғын үйдегі пәтерде өрт шыққаны туралы хабарланыпты. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер қою түтінді көрген. Улы түтін әсіресе жоғарғы қабаттағы пәтер тұрғындарын эвакуациялауға кедергі болған екен. Құтқарушылар 12 тұрғынды, оның ішінде үш баланы баспалдақпен көшеге шығарды, сонымен бірге газ және түтіннен қорғау қызметі пәтерге кірді.

“Пәтердегі барлық бөлме түтінге толған. Жатын бөлмеде жеке заттар жанып кеткен. Бөлмелердің бірінде баланың жатқанын білдік, ол 101 қызметінің диспетчері Жанерке Жиентаеваға бейнеқоңырау арқылы өзінің қайда екенін көрсетті. Мамандар баланы терезе жақтауында отырып, ашық терезе арқылы дем алып жатқан жерінен тапты. Оны подъезден алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Жол бойы мен оны барынша тыныштандырдым. Балаларымды ойладым. Менде үш бала”, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 2-д і мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Балхат Токин.

Электр тоғының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт 14:34 минутта сөндірілді. Оның ауданы – 5 ш.м. Жоюға 23 адам мен 7 техника тартылды. Қазір нақты себеп пен залал анықталуда.

«Түтін 12 жастағы баланың денсаулығына қаншалықты әсер еткенін анықтау үшін ауруханаға жеткізілді. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», – деп хабарлады СҚО ТЖД.

Зардап шегушінің әкесі Юрий Григорьевич өрт сөндірушілерге шын жүректен алғысын білдірді.

«Ұлымды аман алып қалғандарыңызға шын жүректен алғыс білдіремін. Осы қызметке рахмет!», – деп жүгінді ол облыс орталығының өрт сөндірушілеріне.

 

 

 

 

Shares