Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Рас немесе жалған: Петропавл тұрғындары автобустардағы көтергіштердің жұмыс істемейтініне шағымдануда

Рас немесе жалған: Петропавл тұрғындары автобустардағы көтергіштердің жұмыс істемейтініне шағымдануда

Петропавл арқылы 18 қалалық, 11 қала маңындағы және 13 қала сыртындағы бағыттар бойынша автобустар жүреді. Күн сайын облыс орталығының көшелерінде 185-ке жуық автобус қатынайды. Соңғы жылдары қалалық автобус паркі 59 пайызға жаңартылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Жаңа автобустардың барлығы мүгедектігі шектеулі адамдарға қарастырылған. Дегенмен, петропавлдықтар бұл жаңашылдықты ұдайы пайдалана алмайды, дейді қала тұрғындары қала әкімімен кездесу барысында.

«Арбадағы адамдарға арналған жаңа автобустар сатып алынды. Бірақ ол жерде көтергіштер жұмыс істемейді. Мен бұған ауруханаға барар кезде көз жеткіздім. Аялдамада тұрған адамдардан көмек сұрауға тура келді. Жаңа автобустарда неліктен көтергіштер жұмыс істемейді?», – деп ашуланады Петропавл тұрғыны.

Облыстық тасымалдаушылар қауымдастығы жағдаймен таныс және мұнымен түбегейлі келіспейді.

«Иә, шағым болды, бірақ ол расталмады. Автобус келгенде әйел жүргізушінің шығуын күтпестен бірден көмек сұраған. Ал ол кезде жүргізуші пандусты түсіру үшін автобусты айналып бара жатқан. Бұл жағдайды прокуратура да, көлік инспекциясы да, полиция да қарады. Жала жабу жағдайлары бар. Барлық көтергіштер жұмыс істеп тұр, арандатудың қажеті жоқ», – деді “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.

Мұндай жағдайларда түсініспеушлік орын алмас үшін қала әкімі тұрғындарға оқиғаны бейнежазбаға түсіруді ұсынады.

 

Shares