Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Солтүстікқазақстандық өндірушілер «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында өз өнімдерін ұсынды

Солтүстікқазақстандық өндірушілер «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында өз өнімдерін ұсынды

Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі өтіп жатыр, оған еліміздің барлық өңірінен 180 кәсіпорын қатысуда. Олардың барлығы – облыстық кезеңдердің жеңімпаздары, соның ішінде солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер де бар. Биылғы беделді байқауға СҚО-дан 7 кәсіпорын – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС, «АБД-Орманы» ЖШС, «Казмясопродукт» ЖШС, «SMBGROUP FAMILY» ЖШС «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС, «Регион 715» ЖШС және «Радуга» ЖШС қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының жеңімпазы атанған еліміздің түкпір-түкпірінен келген тауар өндірушілер үздік тауар атағын сарапқа салуда. Петропавлда шілде айының басында ҚҮТ көрмесі өтті, онда біз үш номинация бойынша – «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Өнеркәсіптік үздік тауарлар» бойынша 9 жеңімпазды анықтадық. Өкінішке қарай, бүгінгі елордада өткен көрмеге финалға шыққан кәсіпорындарымыздың барлығы бірдей қатыса алмады. 9 компанияның алтауы ғана қатысып жатыр. Олардың барлығы, әрине, жеңіске лайық», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Марат Ысқақов.

Солтүстік Қазақстан облысының үздік азық-түлік тауарлары «Казмясопродукт» ЖШС, «МОЛСЕРВИС» ЖШС және «ЭКОМОЛ СЕРГЕЕВКА» ЖШС шығарған өнімдер деп танылды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» атағында «РАДУГА» ЖШС-нің өнімдері, «РЕГИОН 715» ЖШС-нің мектеп жиһаздары және «АБД ОРМАНЫ» ЖШС-нің өнімдері үздік деп танылды. «Өнеркәсіптік үздік тауарлар» аталымы бойынша полипропилен қап контейнерлерін өндіруші – «SMBGROUP FAMILY» ЖШС, электр бұйымдарын өндіруші «ПЕТРОПАВЛ ЭЛЕКТРОТЕХНИКАЛЫҚ ЗАУЫТЫ» ЖШС және электр оқшаулағыш материалдарын шығаратын «ИЗОЛИТ» ЖШС топ жарды.

«Елордада өткен осы екі күндік көрме қорытындысы бойынша байқаудың республикалық сараптау тобының мүшелері байқаудың келесі кезеңі – онлайн дауыс беруге жіберілетін 27 финалисті анықтайды. Қазақстандықтар 29 қазан мен 2 қарашаны қоса алғанда, үздік өндірушілерге дауыс бере алады. Солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің жеңісіне сенеміз. Айтпақшы, жеңімпаздар Мемлекет басшысының қолы қойылған эмблема мен дипломдармен марапатталып, төрт жыл бойына байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. Жеңімпаздардың есімі жыл соңында белгілі болады», – деп түйіндеді сөзін Марат Ысқақов.

Shares