Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 16 адам қаза тапты. Тағы 30-дан астам адам іздестірілуде
Қарағанды облысында орналасқан Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қазіргі уақытта 16 адам қаза тапқаны белгілі, 30 адамды іздеу әлі жүргізілуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“252 адамның 205-і жер бетіне шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінді. 31 кеншіні іздеу жалғасуда. 16 кеншінің демі үзілгені белгілі болды. Апат орнында КӘАҚҚ құтқарушылары жұмысын жалғастыруда. Штаб жұмыс істейді”,-делінген “АрселорМиттал Теміртау” баспасөз қызметінің хабарламасында.
“АрселорМиттал Теміртау” мәліметтері бойынша, апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылған. Апат болған жерге жедел келген құтқарушылар қаза тапқан жеті адамның денесін бірден тапты, деп қосты компания.
“Біз сіздермен бірге боламыз және осы қиын күндерде сіздерді қолдаймыз”, – деп уәде берді қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқан облыс әкімі.
Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында кеншілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты.
“Қазақстан Президенті Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты, сондай – ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі”, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды, деп толықтырды Президенттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Ақордада Үкіметке “АрселорМитталТеміртау” компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
ТЖ орнына дереу ТЖ министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов келді. Ведомстводан хабарлағандай, апатты жою жоспары енгізілді.
“Қосымша тау-кен құтқару күштері енгізілуде. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 50 адам және 8 бірлік кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің техникасы тартылды. Сондай-ақ, бұл жергк ТЖМ бөлімшелерінің 22 қызметкері жұмылдырылған”, – делінген хабарламада.