Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Есіл суда» ардагерлерге құрмет көрсетілді

«Есіл суда» ардагерлерге құрмет көрсетілді

«Есіл суда» қарттар айлығы аясында жиын өтті. Компания осы өндірісте еңбек етуге өмірін арнаған 50 адамды марапаттады. Қарттар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жиналғандарға бірнеше кітап сыйлады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Бүгінде мекеменің ардагерлер кеңесінде 300-ден астам зейнеткер бар. Бір ай ішінде оларға түрлі қаржылай көмек көрсетілді, компания өкілдері үйлеріне барып, қазір лайықты демалыста жүргендерге көңіл бөлді. Сонымен қатар, түрлі көрмелер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Мұрат Жантілеуов сумен қамту саласында 35 жыл еңбек етті. Ол инженер болып жұмыс істеп, бөлім басқарды. Азамат – атақты Құлеке батырдың 7-ші ұрпағының өкілі, Шал ақын өңірінің тумасы. 15 жасынан бастап туысы туралы мәлімет жинап, 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Содан кейін жинағанын жариялауға бел буыпты. Бүгінде «Есіл су» кәсіпорнының қолдауымен кітаптың 200 данасы басылып шыққан.

«Кітаптың аты «Құлеке батыр және ұрпақтары» деп аталады. Ол ең алдымен тарихи мәліметтерді қамтиды. Олар Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы, Қорған мұрағаттарынан алынды. Мен көп еңбек еткен туындымды жарыққа шығаруға көмектескен жандарға өте ризамын. Жалпы, кәсіпорын басшылығы бізге не қажет болса да, үнемі көмек көрсетіп отырады», – дейді кәсіпорын ардагері Мұрат Жантілеуов.

Шығармашылық кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер аға буын өкілдерінің есінде ұзақ сақталады.

Shares