Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «QAMQOR_TEAM» еріктілер қозғалысы солтүстікқазақстандық мұқтаж жандарға төртінші жыл көмектесуде

«QAMQOR_TEAM» еріктілер қозғалысы солтүстікқазақстандық мұқтаж жандарға төртінші жыл көмектесуде

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Айгүл Айтымова волонтерлікпен 2013 жылы айналыса бастаған. Сол жылы ол әріптесімен бірге алғаш рет университет қабырғасында «Балаға қуаныш сыйла» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырыпты. Содан бері мұқтаж жандарға көмек көрсету акциялары педагогика факультетінде дәстүрлі түрде өтеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Бүгінде Айгүл Айтымова Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Педагогика және психология» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқаруда. 2019 жылы «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі жоғары оқу орнында «QAMQOR_TEAM» еріктілер қозғалысын құрды. Бүгінде оның құрамына 40 адам кіреді. Арасында 2-3 курс студенттерінен бөлек, университетті бітіріп, жұмыс істеп жүрген түлектер де бар. Дейтұрғанмен, олар мұқтаж жандарға көмек көрсетуді жалғастыруда.

«QAMQOR_TEAM» еріктілер қозғалысы «аманаттықтармен» бірге аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларға көмектеседі. Сондай-ақ, мектеп оқушыларымен, балалар үйінің тәрбиеленушілермен бірлесіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Азық-түлікке, кеңсе тауарларына мұқтаж отбасылар бар. Оларға еріктілер үнемі қол ұшын береді.

«Қаражатты өзіміз жинаймыз. Тұрақты демеушілеріміз бар. Бізді жақындарымыз да қолдайды. Көп жағдайда қарапайым адамдар хабарласып, көмекке мұқтаж жандардың телефон нөмірін сұрап, көмектесіп жатады», – деді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Айгүл Айтымова.

Соңғы төрт жыл бойы «QAMQOR_TEAM» еріктілер қозғалысы «Аяла» қарттар үйіне, «Аналар үйі» ресурстық орталығына, отбасылық үлгідегі балалар үйіне, мүгедек балалардың аналар ұйымына үнемі көмектесіп, қайырымдылық шараларын өткізеді. Ақпараттық қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, қозғалыс мүшелері ауыр сырқаттары бар балаларға  қаражат жинаумен айналысады.

Волонтерлердің жұмысын ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, облыс әкімдігі, түрлі қайырымдылық қорлары жоғары бағалап, алғыс хаттарды табыстады. Сондай-ақ, 2021 жылы  Айгүл Айтымова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Ал қозғалыс мүшелері Алтын Шаяхметова мен Жамиля Тұяқбаева Қазақстанда жыл еріктілері атанды.

 

Shares