«СҚ ЭЖТК» АҚ жабдықтары әбден тозған
Петропавл қаласы мен облыстың сегіз ауданына электр энергиясын тасымалдау мен бөлуді «Солтүстік Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ жүзеге асырады. Энергия таратушы компанияның негізгі жабдықтарының орташа тозуы 95 пайызды құрады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Өңірдегі электр тарату желілерінің ұзындығы 13 мың шақырымнан сәл асса, қосалқы станцалар саны – 2353. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин айтты.
Тозуы жоғары қауіпті аймақтар барлық 8 ауданда бар: 19 ауыл мен 2 шағын қалада орналасқан. Тозу көрсеткіші 80-нен 136% дейін жетеді. Жабдықтардың тозуы Солтүстік Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы көптеген кәсіпорындардың негізгі проблемаларының бірі болып табылады.
2023-2025 жылдар аралығындағы «СҚ ЭЖТК» АҚ бекітілген инвестициялары шамамен 8,5 млн теңгені құрайды. Бұл 2025 жылға қарай тозу өсімін тек 97%-ға дейін шектеуге мүмкіндік береді. Тозудың жылдық орташа өсімі 2,5%-ды құрайтынын ескерсек, 2029 жылға қарай тозу 105%-дан асады. Көрсеткішті азайту үшін 80 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.
«Ағымдағы жағдайды шешу үшін инвестицияларды ұлғайту бағытында инвестициялық бағдарламаларды қайта қарау және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына қатысуды жандандыру керек. Және тегін мемлекеттік субсидияларды қарастыру керек», – деп атап өтті Владислав Лукин.