Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Қызын терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан Петропавл тұрғыны 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

Қызын терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан Петропавл тұрғыны 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық соты қызын терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

Сот анықтағандай, 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында сотталушы үйінде алкогольдік масаң күйде болып, жаңа туған нәрестені бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберемін деп қорқытқан. Бұған бірге тұратын азаматшамен жанжал себеп болған. Полиция қызметкерлері мен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өкілдері келген соң ер адамның жаңа туған нәрестені өлтіремін деп қорқытқан заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді.

Айыптауды қолдаған прокурор сотталушыны 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады.

«Ер адам өз кінәсін мойындап, жасаған қылмысына өкінді. Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 115-бабының санкциясы жүз жиырмаға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе жүз жиырмаға дейінгі мөлшерде қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны немесе отыз тәулікке дейін қамауға алуды көздейді. Шын жүректен өкініш айтылғасын сот жағдайды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Сот екінші жағынан қылмыстық құқық бұзушылықты мас күйінде жасауды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 467-бабына сәйкес, қамауға алу түріндегі жаза 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылады. Сот үкімімен 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушілердің өтемақы қорына бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілді», – делінген Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық сотының хабарламасында.

Shares