СҚО-дағы ерекше балалар «Үміт» лагерінде бірегей иппотерапия курсынан өтті

«Үміт» қала сыртындағы лагерінің базасында «Иппотерапия құралдары арқылы тактильді интеграция» атты бірегей әлеуметтік-оңалту жобасы сәтті аяқталды. Төрт күндік қарқынды курс ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арнайы әзірленген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, бағдарламаның практикалық бөлігі Бескөл ауылындағы ипподромда орналасқан Облыстық ат спорты және ұлттық ат спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өтті. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен балалар жылқылармен психоэмоционалдық байланыс орнатуды үйреніп, атқа міну негіздерін меңгерді және бұлшықет кернеуін азайтуға, сондай-ақ ми жарты шарлары арасындағы байланысты дамытуға бағытталған арнайы жаттығулар орындады.
«Қатысушылардың ерекше қызығушылығын жылқыларды күтуге арналған кәсіби құрал-жабдықтармен танысу тудырды. Балалар мамандардың бақылауымен жануарларға күтім жасап, оларды өз қолдарымен жемдей алды. Жобаның қорытынды кезеңінде “Менің сүйікті тұлпарым” атты мультисенсорлық панно жасалды. Шығармашылық жұмыс барысында сабақ кезінде танысқан нысандардың құрылымына ұқсас табиғи материалдар – жүн, ағаш, былғары және табиғи абразивті материалдар пайдаланылды», – деп атап өтті басқармада.
Жоба барысында балалардың жағымды эмоциялық көңіл күйі сақталды. Кейбір қатысушылар жануарлардан қорқу сезімін жеңіп, алғаш рет атқа мініп көрді.
