Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі СҚО-да қандастар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамтылуымен танысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі СҚО-да қандастар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамтылуымен танысты

August 14, 2026 10:21

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев СҚО-ға жұмыс сапары барысында қандастар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жаңа ортаға бейімдеу мәселелерінің өңірде қалай шешіліп жатқанымен танысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Петропавл қаласында ведомство басшысы «Alageum» электротехникалық зауытына барды. Бүгінде кәсіпорында 120 адам еңбек етеді. Олардың қатарында СҚО-ға еліміздің басқа өңірлері мен шет мемлекеттерден қоныс аударған азаматтар да бар. Министр өндірістік учаскелерді аралап, еңбек жағдайларымен танысты және жұмысшылармен тілдесті. Кәсіпорын қызметкерлерінің арасында Иран мен Өзбекстаннан көшіп келген азаматтар бар. Олар қоныс аударғаннан кейін жұмысқа орналасып, баспанамен қамтылған.

Асқарбек Ертаев жұмыспен қамту әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қатар жүруі керектігін атап өтті.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін жұмысқа келген әрбір адамның ресми түрде жұмысқа орналасуы, тұрақты табысы, әлеуметтік кепілдіктері мен қауіпсіз еңбек жағдайлары болуы маңызды. Бұл әсіресе өңірлерге еңбек ресурстарын тарту және оларды тұрақтандыру шараларын жүзеге асыру кезінде айрықша мәнге ие», – деді министр.

Кешенді тәсілдің бір мысалы – Петропавлда зауытқа жаңадан келген жұмысшылардың отбасыларына арналған көппәтерлі тұрғын үйдің салынуы. 2023-2024 жылдары 40 отбасы баспанамен қамтылды. Осылайша, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелері қатар шешілді. Ведомство басшысының пікірінше, мұндай тәжірибе өңірге мамандарды тартуға ғана емес, олардың ұзақ уақыт тұрақтап қалуына да мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында қандастар мен қоныс аударушыларды көшіру жөніндегі мемлекеттік саясатқа да ерекше назар аударылды. Министр Петропавлда 2024 жылы ашылған Қандастарды уақытша орналастыру орталығына барды. Мұнда этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері қажетті құжаттарды рәсімдеп, тиісті мәртебе алғанға дейін тұрады.

Еңбек мобильділігі орталығының директоры Н.Т. Бибулаев мекеменің жұмысы, өткізілетін іс-шаралар және жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы туралы ақпарат берді.

Министр жатақханадағы тұрмыс жағдайымен және келген азаматтарды сүйемелдеу жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысты. Ол мемлекеттік қолдау құжаттарды рәсімдеу мен уақытша орналастырудан бастап, жұмысқа орналасу және жаңа өңірде өз бетінше өмір сүруге дейінгі бейімделу процесінің барлық кезеңін қамтуы қажет екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – адам бейімделудің барлық кезеңінен өтіп, жұмыс тауып, отбасын қамтамасыз етіп, жаңа жерде ойдағыдай орнығуы үшін кешенді қолдау көрсету», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Кездесу барысында СҚО-ға сұранысқа ие кадрлар мен білікті мамандарды тарту мәселелері де талқыланды. «Alageum» кәсіпорнының тәжірибесі жұмыс орындарын құру, әлеуметтік кепілдіктер беру және тұрғын үй мәселесін шешудің жаңа тұрғындарды өңірде тұрақтандыру факторларының бірі бола алатынын көрсетті.

Shares