СҚО-да жүк пойызы 16 ұсақ малды соқты
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздарды шұғыл тежеудің 1 624 фактісі тіркелді. Оның 1077 фактісі темір жол бойында мал жүруіне байланысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
3 қарашада Солтүстік Қазақстан облысының Белоградовка-Жаңаесіл аралығында жүк пойызының машинисі ұсақ малмен соқтығыспауға тырысып, көлікті шұғыл тежеген.
Соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Нәтижесінде 16 ұсақ мал соғылды. Жоспарланбаған кідіріс 10 минутты құрады. Тексеру барысында үй жануарларының иесі анықталды. Ол СҚО-ның 58 жастағы тұрғыны болып шықты. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі бойынша теміржол бойында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелері темір жол бойында мал жаймау және оларды қараусыз қалдырмау керек екенін тағы да еске салады.