СҚО полицейлері Петропавлдағы жалдамалы пәтерден 2 келіден астам гашиш тәркіледі
Полицейлер Петропавлдағы жалдамалы пәтерден 2 келіден астам гашиш тәркіледі. Қала тұрғыны 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
10 қазан күні солтүстікқазақстандық полицейлер 25 жастағы петропавлдықты ұстап, оның жалдамалы пәтерінен «дозаларға» бөліне өсімдік тектес зат салынған 100 полимерлік пакет тәркіледі. Сараптама бұның гашиш екенін көрсетті. Тәркіленгеннің жалпы салмағы 2 килограмнан асты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Күдікті есірткі партиясын ірі көлемде есірткі жасырылған орыннан алған. Есірткі өткізуге күдікті адам қазіргі уақытта қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр. Гашиштің аса ірі мөлшері 200 грамнан басталатынын естеріңізге саламыз. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді»,- дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.
СҚО полицейлері жыл басынан заңсыз айналымнан 730 келіден астам түрлі есірткі затын тәркілеп алды. Оның 708 келіден астамы – марихуана мен кептірілмеген қарасора. 20,5 келіден астамы – гашиш. 2,2 келіден астамы – синтетикалық психобелсенді заттар.