«Qyzyljar Sabantui – 2026» фестиваліндегі татар ауласы Qyzyljar Creative Center скверіне көшіріледі

Ауқымды «Qyzyljar Sabantui – 2026» фестиваліне арнайы салынған татар ауласы Петропавлда тұрақты орын тебеді. Этноауылдың бірқатар нысаны Qyzyljar Creative Center аумағындағы скверге орналастырылады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Еске сала кетейік, мерекеге келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған татар ауласының бірегей кешенінде музей, шағын мешіт, төрт сауда павильоны, құдық, дәстүрлі от жағылатын пеш және қонақтарға арналған үй болған.
Қазір Qyzyljar Creative Center скверінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда алғашқы бөлшектелген құрылымдар жеткізіле бастады. Нысандарда мамандар жұмыс істеуде.
Мәлімет бойынша, шығармашылық орталық аумағында үлкен қонақ үй мен төрт беседка орналастырылады. Ал тағы бір беседка мен шағын мешіт «Дін Мұхаммед» мешітінің аумағына орнатылады.
Монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық нысанды электр және жылу желілеріне қосу жоспарланып отыр. Бұл оларды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді.
