Жошы ұлысының мұрасы: Петропавлда Солтүстік Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі рөлі талқыланды

Петропавлда Жошы ұлысының тарихи мұрасына және оның қазіргі қоғам үшін маңызына арналған «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Кездесуді облыстық Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев бүгінде ардагерлер ұйымдарының қызметі тарихи жадыны сақтаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Олар жастарды тәрбиелеуге атсалысып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және бейбітшілік, еңбек, ел алдындағы жауапкершілік құндылықтарын өскелең ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді.
«Бабалар аманаты – бізге қалған мұра ғана емес. Бұл – өзімізден кейінгі ұрпаққа нені және қандай күйде жеткізетінімізге деген жауапкершілігіміз», – деді Руслан Әлішев.
Баяндаманың негізгі тақырыптарының бірі – Жошы ұлысы дәуіріндегі Солтүстік Қазақстанның тарихы болды. Облыс әкімі аппаратының басшысы XIV ғасырға тиесілі кесенелер, Өзбек хан дәуірінің теңгелері және ортағасырлық тарихтың өзге де айғақтары табылған Қызылоба археологиялық кешеніне ерекше тоқталды.
Руслан Әлішев 2019 жылдың қазан айында ғалымдармен бірге Қызылобаға арнайы барғанын айтты. Ол кезде ескерткішті зерттеу жұмыстары енді қарқын ала бастаған. Оның сөзінше, дәл осы сапардан кейін Солтүстік Қазақстанның Ұлы дала тарихындағы рөліне деген көзқарасы өзгерген.
Сонымен қатар ол археологиялық жаңалықтар асығыс қорытынды жасауға себеп болмауы керектігін атап өтті. Керісінше, Қызылоба зерттеушілер алдына жаңа сауалдар қойып отыр. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстанның Жошы ұлысының саяси, экономикалық және коммуникациялық жүйесінде қандай орын алғаны және бұл өңірде өткен дәуірден тағы қандай тарихи деректер сақталғаны бар.
Руслан Әлішевтің пікірінше, өңірдің ортағасырлық тарихын тек көшпелі мәдениет тұрғысынан зерттеу жеткіліксіз. Археологиялық материалдар қоныстар, сауда, байланыс жолдары және құрылыс мәдениеті арасындағы күрделі қарым-қатынастар жүйесі болғанын көрсетеді.
Ол ғылыми білімді қалың көпшілікке қолжетімді етудің маңыздылығына да тоқталды. Бұл бағытта музейлер, мектептер, кітаптар, цифрлық жобалар мен киноның рөлі зор.
Қызылобада нысанды музейлендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Новоишим ауылында еліміздегі алғашқы ауылдық цифрлық музей құрылды. Ал тарихты кеңінен насихаттаудың тағы бір құралы – түсірілімі аяқталуға жақын «Ботай. Жоғалған әлемдер» фильмі болмақ.
Конференцияның негізгі спикері, профессор, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Жошы ұлысы мен Қазақ хандығының құрылуына қатысты жаңа тарихи деректермен бөлісті. Ғалым өз баяндамасында Әбілқайыр ханның тұлғасына жан-жақты тоқталды.
Тақырыпты Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жалғастырып, Алтын Орда дәуіріндегі Солтүстік Қазақстанның стратегиялық маңызын атап өтті. Ол өңір тарихын зерттеуге шетелдік авторлардың да қосқан үлесіне тоқталып, Мари Фавероның еңбегінің қазақ тілінде жарық көргенін атап өтті.
Конференцияда бұл бағыттағы жұмыстарда ғалымдар, ардагерлер, педагогтер, музейлер мен мемлекеттің бірлескен қызметі маңызды екені айтылды. Ғылым нақты әрі дәйекті білім қалыптастырса, мемлекет тарихи мұраны сақтауға қолдау көрсетеді. Заманауи технологиялар оны көпшілікке қолжетімді етеді, ал аға буын ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Алдағы зерттеулер Солтүстік Қазақстанның Ұлы дала тарихында қандай орын алғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қызылоба Жошы ұлысы дәуірі туралы әлі де талай сырды ашуы мүмкін.
