Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО тұрғыны Есіл өзенінің жағасына қоқыс тастағаны үшін 30 мың теңге айыппұл төлейді

СҚО тұрғыны Есіл өзенінің жағасына қоқыс тастағаны үшін 30 мың теңге айыппұл төлейді

September 18, 2026 16:21

 

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған тұрғынға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 30 шілдеде азамат А. тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге, Есіл өзенінің жағалауына апаратын жыраға тастаған.

«Сот отырысында азамат өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Қалдықтарды өзен жағасына апаратын жыраға оларды шығарып әкетуге көліктің болмауына байланысты тастағанын түсіндірді. Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін қоқыс жиналып, полигонға шығарылды. Тұлғаның кінәсі сот зерттеген дәлелдердің жиынтығымен, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының рапортымен, жазбаша түсініктемелермен, бейнематериалмен және істің өзге де материалдарымен расталды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Істің барлық мән-жайын ескере отырып, сот азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 30 275 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Shares