Петропавл ауыр машина жасау зауытында кадр тапшы

Кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын толық пайдалану және маман тапшылығы мәселелері Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында талқыланды. Жиынға машина жасау саласының өкілдері қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бірқатар зауыт заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылғанымен, өндірістік қуаттылығы толық пайдаланылмай отыр. Бұған себептердің бірі – жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялардың және басқа да жүйе құраушы кәсіпорындардың ірі тапсырыстарына қол жеткізудегі қиындықтар. Бұған Петропавл ауыр машина жасау зауыты мысал ретінде келтірілді. Кәсіпорын қайтадан сауда-саттыққа шығарылған.
“Петропавл ауыр машина жасау зауытының қазіргі жағдайына қарап, көңіл құлазиды. Бұрын бұл қала құраушы кәсіпорындардың бірі еді. Бүгінде ол қайтадан сауда-саттыққа шығарылып отыр”-деді “ЗМО” ЖШС атқарушы директоры, машина жасау саласы кеңесінің төрайымы Елена Балярихина.
Кадр мәселесі де өзекті. Өндіріске CNC станоктарының операторлары мен баптаушылары, токарьлар, фрезерлеушілер, дәнекерлеушілер, слесарь-құрастырушылар, инженер-конструкторлар және IT мамандары қажет. Ал тәжірибелі жұмысшылардың бір бөлігі зейнет жасына жақындап қалса, кәсіпорындардағы жастардың үлесі небәрі 20–30 пайызды құрайды.
«Кадр тапшылығы – бүкіл өнеркәсіп саласының дамуын тежеп тұрған құрылымдық кедергі. Тапсырыс пен техникалық жабдық болғанымен, мамандардың жетіспеушілігінен құрал-жабдықтар жұмыссыз тұр. Тәжірибені беретін адам жоқ: өңірде тәлімгерлік институты іс жүзінде жойылған»,-деді Елена Балярихина
Жиынға қатысушылар жергілікті зауыттардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділігін кеңейтуді, кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ колледждер мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуді ұсынды.
Машина жасаушылар өз ұсыныстарын облыс басшылығымен талқылауды жоспарлап отыр.
